Инаугурация (латынша іnauguro – арнаймын; ағылшынша іnauguratіon – қызметке кірісу) – Мемлекет басшысының мәртебелі лауазымды атқаруға кірісуін атап өтетін салтанатты рәсім.
Ғылыми тұрғыда осылайша анықтама берілген бұл сөз соңғы 20 жылда Тәуелсіздігіне әзер қол жеткізген ТМД аумағында ерекше естілетін болды. Мысалы, Қазақстанда да Елбасын ұлықтау рәсімі жұртты қызықтыратын шараға айналды. Бұл күні миллиондаған адам телеарна арқылы Мемлекет басшысының жаңа қызметіне кірісуіне куә болады. Осылайша, Президенттің халық алдындағы антын тыңдауды дәстүрге айналдырды.
29.04.2015 жыл
Табалдырық аттаған Тәуелсіздіктің туын сүйіп, ел алдында ант берген Нұрсұлтан Назарбаевты алғашқы ұлықтауы рәсімі әлі күнге көз алдымызда. Соңғы антты 8 сәуір – қасиетті жұма күні қабылдаған Елбасы кеше елінің қолдауымен тағы да сәні бөлек салтанатты бастан өткерді. Бұл рәсімнің қай-қайсысы да қазақстандықтарды қайран қалдырып келеді.
Әсіресе, Президент кортежіне еріп жүретін жол полициясының ерекше батальонын тамашалап, Нұрсұлтан Назарбаев ақ қанатты, керегелі Тәуелсіздік сарайында халқына адал қызмет етуге ант беріп, «Ұлан» сарбаздарынан мемлекеттік туды қабылдап алуына куә болды.
Міне, өркениетке бет алған Қазақ халқының өмірінде өзгеше, жарасымды үрдістің бірі де бірегейі – осы. Мұндай құрмет пен қызметке кірісудің жөн-жоралғысы әлемнің әр шалғайында әрқалай. Тамыры терең тарихы да бар. Айталық, ежелгі Рим империясында қайсыбір лауазым алған адамның қызметке кірісуі салтанатпен атап өтіліп тұрған. Монархтардың тәж киюі де салтанатты жағдайда атап өтілген. Бертінде өркениет өз жаңалықтарын биліктегілердің беталысын айқындайтын рәсімдерге де енгізді.Тарихшылар Қағанның, ханның жаңадан билікке келуін салтанатты түрде айғақтау дәстүрі қазақ халқында да болға-нын айтады. Хан сайлауында жұртының алдында мерейі үстем болған азаматты игі жақсылар салтанатты түрде ақ киізбен көтеріп, таққа отырғызған. Өкінішке қарай, Қазақ елі Ресей империясының отарына айналуына байланысты, уақыт өте келе бұл дәстүр жойылған.
Ал Кеңестер Одағы кезінде мемлекет басшысының қызметке кірісуін салтанатпен ұлықтау дәстүрі болған жоқ. Демократия үлгісі іспетті ұлықтау рәсімі тек өткен ғасырдың 90-жылдары ТМД елдерінің табалдырығын аттады. Қазақстанда алғашқы инаугурация 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен жалпы халықтық сайлауда басым көпшілік дауыспен Н.Ә. Назарбаев ел Президенті болып сайланғаннан кейін өтті. Тұңғыш Президент егеменді елдің Туы астында, Конституцияға қолын қойып тұрып, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет көрсетуге салтанатты түрде ант берді. Елбасы аяғы астына ақ киіз төселді, қарт ақын Шәкір Әбенов Тұңғыш Президентке бата беріп, дәстүрлі ұлттық киім кигізді.
Инаугурация – жалпы билікке келген басшыны еліне адал қызмет етуге куә ететін көрініс. Осыны сөз еткенде оның әлем алдындағы әдемі көріністерін АҚШ арқылы елестетеніміз де шындық. Өйткені күшті мемлекеттің де салтанаты да ерекшелеу.
1933 жылы 20 қаңтарда Конституцияға енгізілген өзгерістен соң, америкалық хаттама әлемнің көптеген елдері үшін өнегеге айналды. АҚШ президентінің инаугурациясы Вашингтондағы Капитоли алдында ұйымдастырылып, ұлы оқиғаны көзбен көру үшін көшелерге, алаңдарға миллиондаған адам жиналады. Ал мұхиттың арғы жағына көз тіккен Еуропа елдерінде инаугурация рәсімі АҚШ-пен салыстырғанда қарапайым. Олар бұл жағынан француз үлгісін ұстанады екен. Мәселен, Францияның жаңа мемлекет басшысы президентті ерекшелейтін белгі мен «ядролық кодты» иемденеді. Президент қысқаша ғана халыққа өз арнауын жолдайды. Салтанат отшашумен аяқталады (артиллериядан 21 рет оқ атылады).
Батысқа басы байланбаса да озық үлгілерін алып жатқан көршіміз – Ресей Федерациясында марқұм Борис Николаевич Ельцин 1991 жылы 10 шілдеде ұлықтау рәсімін бір ізге түсіріп кетіпті. Өзі 1996 жылы 9 тамызда денсаулығына байланысты инаугурацияны өте қысқаша атап өткен. Осылайша, мемлекеттің миллиондаған қаражатын үнемдепті.
Қазіргі президент Владимир Владимирович Путин 3 рет ұлықталды. Үлкен Кремль сарайының Андреевский залында өтетін жиында Ресей Федерациясының Конституциясына қолын қойып тұрып ант қабылдайды (Бұған дейін Ельцин қолын жүрегінің тұсына қойып тұрып ант берген). 33 сөзден тұратын антты қайталайтын орыс көсемдері Ресейдің конституциялық соты төрағасының қолынан Ресей президенті белгісін алады.
Енді АҚШ-қа қайта оралайық. Қызықтың бәрі сол жақта болып тұрады. Бұл елде алғашқы инаугурация кезінде «Боже, храни короля» деп аталатын британ гимні орындалыпты. 1829 жылы салтанатты көруге құмартқандардың көптігінен Ақ үйге терезеден кіргендер де болыпты. Арада 12 жыл өткенде Уильям Харрисон шараны алаңда ұйымдастыруды қолға алады. Бірақ жұрт алдында екі сағат сөйлеген ол суықтап қалып, қатты ауырып, ақыры көз жұмады. Ал екінші инаугурация кейіпкері Авраам Линкольн мен оның вице-президенті салтанатқа мас күйінде келгені әлі күнге ұмытылмапты.
АҚШ-та президенттерінің көпшілігі ұлақтаудан соң шіркеуге бас сұғады. Олар ант беру кезінде қолдарына ұстаған Інжілді дін қызметшісіне қайтарып береді. Әлемді аузына қаратқан мемлекеттің мақтанышына айналған Джордж Вашингтонды 1789 жылғы 30 сәуірдегі салтанатты ұлықтау шарасы – әлі күнге тарихи оқиға. Ол оқыған 135 сөзден тұратын ант мәтіні әлі күнге сақталған және әрбір жаңа президент соны қайталайды. Бірер дерек айталық...
1801 жылы АҚШ тарихында аты қалған Томас Джефферсон алғашқы ұлықтау рәсіміне конгреске дейін жаяу келген. Бұл шараға экс-президент Джон Адамс қатысудан бас тартқан. Ал президент болып екінші мәрте сайланғанда конгреске атпен келіпті.
1809 жылы таққа отырған президент Джеймс Мэдисон әйелі Долли екеуі алғаш рет салтанатты балға қатысқан.
1829 жылы президент болып сайланған Эндрю Джексонның ұлықтау рәсімін көруге қызыққандардың көптігі соншалық, мемлекет басшысының өзі Ақ үйге терезеден кірген.
1841 жылы Уильям Харрисон инаугурация кезінде 2 сағаттай сөйлеп, есімі тарихта «шешен» ретінде қалды.
Буштың инаугурациясы тіпті даулы жағдайда өткен. Ирактағы соғыспен байланысты халық пен полицияның теке тіресі ушыға түсті. Вашингтондағы наразылық шараларының барысында 12 адам қамауға алынды. Елдің басқа да қалаларында «Буш біздің президент емес», «Буш – әскери қылмыскер» деген ұрандар алып шықты. Тіпті көшеде тыржалаңаш билеген қыздар да ұсталған. Буштың екінші мерзімдегі қызметі АҚШ тарихындағы ең нашар кезең болып саналады.
АҚШ тарихына енген 57-инаугурация 2013 жылы 21 қаңтарда өтті. Елді екінші рет басқаруды өз қолына алған Барак Обама Линкольн ұстаған Інжілді ұстап тұрып ант қабылдады. Бұл шараны екі миллионнан астам адам тамашалаған. Бәрінен ерекшелігі – Обаманың ұлықтауға 160 миллион доллар жұмсалғаны. Бұл да ел тарихында қалған оқиға.
2013 жылы ақпанда өткен Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хенің инаугурациясына поп-әнші Psy қатысып, бұл шараны YouTub-те тамашалағандар әлемдік рекорд орнатты.
Өкінішке қарай, ел ішін елес кезіп, көшелер қанға боялып жатқанда да ұлықталғандар бар. Айталық, Украинада дәл осындай жағдай болды. Таққа отырған Петр Порошенко Жоғарғы Радада қарапайым түрде ант қабылдады. Көрші Қырғызстанда да ұлықтау қиын-қыстау кездерде өтті. Жер бетінде осы секілді тосын жағдайлар өте жиі кездеседі.
Мемлекет басшыларының арасында осындайда өзін ерекше көрсетіп қалғысы келетіндер де бар. Мысалы, 2000 жылы Мексика президенті Висенте Фокс Мехикодағы лашықтарды паналаған кедейлермен бірге таңғы ас ішсе, ОАР президенті Джейкоба Зума 2009 жылы ұлықтау рәсіміне некедегі 3 әйелімен келді.
Биыл 11 қаңтарда Хорватияда ел тарихында алғаш рет әйел адам – 46 жастағы Колинды Грабар-Китаровичтің президенттік ант қабылдау рәсімін ерекше өткізгісі келгендер болған. Алайда ол әулие Марк алаңында:«Хорватия бай ел болу үшін, жастар сыртқа кетпеу үшін, адамдар өлуден бұрын, дүниеге нәресте көп келетін ел болу үшін мен өзіме қатысты нәрсенің бәрін жасаймын» деп шараны аяқтаған ол қызметіне бірден кіріскен.
Тбилисиде Грузияның жаңа президенті Георгия Маргвелашвилидің де ұлықтау рәсімі қарапайым өтті. Былайша айтқанда, ол бұрынғы әріптесі Михаил Саакашвилиге қарағанда 4 есе «арзанға» түсті. Кезінде Ельцин де ел өміріндегі ерекше салтанатты қарапайым өткіздіріп, миллиондаған рубльді үнемдепті.
Ұлықтаудың ұрпақ үшін өнегесі мол, тәрбиелік мәні зор. Сондықтан дамыған елдер осы шараға барын салады. Әлемдік үрдістен Қазақстан да кейін қалмауы тиіс. Салтанатты ұйымдастырушылар еліміздегі ұлықтауды әлемге үлгі боларлық, ерекшеліктерімен көзге түсетіндей етіп жаңартып жатса, тіпті нұр үстіне нұр.
Дуанабай Жолдасбек
aikyn.kz