Ақталғанына қуанып жылады...
Ақталғанына қуанып жылады...
Жазылған жайдың жаңғырығы
“Жас Алаштан” (№30, 16 сәуiр, 2015 жыл) “Немiс тұтқыны” нағыз батыр едi” деген мақала оқыдым. Марқұм, соғыстың нағыз батыры, ақтөбелiк Ақби Рақовтың тағдыры қабырғамды қайыстырды. Соғыс­та бiр азап көрдi, тұтқынға түсiп тағы азап көрдi, “аман-есен елге жеттiм бе?” дегенде тағы азап... Қандай қасiрет?!.
Бiздiң ауылда Әзiмқұл деген кiсi болды. Бiрде 9 мамыр күнгi мерекеде ол кiсi бiздiң үйге келдi. Әкемнiң алдында сақалды кiсiнiң иығы селк-селк етiп жылағанда... “Неге өлiп кетпедiм?!.” деп еңiреп етегi жасқа толды. Еркектiң жылағанын бiрiншi рет көруiм. Сөйтсем, соғыста “Ура! За Сталина, вперед!” деген командирiнiң бұйрығынан кейiн барлығы алға лап қойған. Бұл да басқаларға iлесiп қан сорпасы шығып жүгiре берген. Бiр ауыз орысша бiлмейтiн Әзiмқұл “назад” деген сөздi түсiнбей, жүгiре берген, жүгiре берген. Сөйтiп, жау тылына өтiп кеткен ғой. Соғыстың алғашқы күндерiнiң бiрiнде осылай тұтқынға түскен. Немiс лагерiнде, одан елге оралған соң түрмеде әбден қиыншылықты көрген.
Әкем әдiлдiк iздеп, жан-жаққа Әзiмқұл туралы хат жазды. Араға 3-4 жыл салып, әйтеуiр, 9 мамыр күнi Әзiмқұл атайға колхоз басшысы радио сыйлады. Атай тағы жылады. Ол кезде радио қат болса да, оны алғанына емес, ақталғанына қуанып жылады...
 
Мұхит Әзберген,
Ақмола облысы
http://zhasalash.kz
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
9 жыл бұрын 3817
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167