Әлем президенттерінің ұлықтау рәсімі (инаугурация) қалай өтеді?
Әлем президенттерінің ұлықтау рәсімі (инаугурация) қалай өтеді?
Инаугурация (латынша іnauguro – арнаймын; ағылшынша іnauguratіon – қызметке кірісу) – Мемлекет басшысының мәртебелі лауазымды атқаруға кірісуін атап өтетін салтанатты рәсім. 

Ғылыми тұрғыда осылайша анықтама берілген бұл сөз соңғы 20 жылда Тәуелсіздігіне әзер қол жеткізген ТМД аумағында ерекше естілетін болды. Мысалы, Қазақстанда да Елбасын ұлықтау рәсімі жұртты қызықтыратын шараға айналды. Бұл күні миллиондаған адам телеарна арқылы Мемлекет басшысының жаңа қызметіне кірісуіне куә болады. Осылайша, Президенттің халық алдындағы антын тыңдауды дәстүрге айналдырды.

 29.04.2015 жыл

Табалдырық аттаған Тәуелсіздіктің туын сүйіп, ел алдында ант берген Нұрсұлтан Назарбаевты алғашқы ұлықтауы рәсімі әлі күнге көз алдымызда. Соңғы антты 8 сәуір – қасиетті жұма күні қабылдаған Елбасы кеше елінің қолдауымен тағы да сәні бөлек салтанатты бастан өткерді. Бұл рәсімнің қай-қайсысы да қазақстандықтарды қайран қалдырып келеді.
Әсіресе, Президент кортежіне еріп жүретін жол полициясының ерекше ба­тальонын тамашалап, Нұрсұлтан Назарбаев ақ қанатты, керегелі Тәуелсіздік сарайында халқына адал қызмет етуге ант беріп, «Ұлан» сарбаздарынан мемлекеттік туды қабылдап алуына куә болды. 
Міне, өркениетке бет алған Қазақ хал­­­қының өмірінде өзгеше, жарасымды үр­дістің бірі де бірегейі – осы. Мұндай құрмет пен қызметке кірісудің жөн-жоралғысы әлемнің әр шалғайында әрқалай. Тамыры терең тарихы да бар. Айталық, ежелгі Рим империясында қайсыбір лауазым алған адамның қызметке кірісуі салтанатпен атап өтіліп тұрған. Монархтардың тәж киюі де салтанатты жағдайда атап өтілген. Бертінде өркениет өз жаңалықтарын биліктегілердің беталысын айқындайтын рәсімдерге де енгізді.Тарихшылар Қағанның, ханның жаңадан билікке келуін салтанатты түрде айғақтау дәстүрі қазақ халқында да болға-нын айтады. Хан сайлауында жұртының алдында мерейі үстем болған азаматты игі жақсылар салтанатты түрде ақ киізбен көтеріп, таққа отырғызған. Өкінішке қарай, Қазақ елі Ресей империясының отарына айналуына байланысты, уақыт өте келе бұл дәстүр жойылған. 
Ал Кеңестер Одағы кезінде мемлекет басшысының қызметке кірісуін салта­нат­­пен ұлықтау дәстүрі болған жоқ. Де­мок­ратия үлгісі іспетті ұлықтау рәсімі тек өткен ғасырдың 90-жылдары ТМД елдерінің та­балдырығын аттады. Қазақстанда ал­­­ғашқы инаугурация 1991 жылы 1 жел­тоқсанда өткен жалпы халықтық сайлауда басым көпшілік дауыспен Н.Ә. Назарбаев ел Президенті болып сайланғаннан кейін өтті. Тұңғыш Президент егеменді елдің Туы астында, Конституцияға қолын қойып тұ­рып, Қазақстан халқына қалтқысыз қызмет көрсетуге салтанатты түрде ант берді. Ел­басы аяғы астына ақ киіз төселді, қарт ақын Шәкір Әбенов Тұңғыш Президентке бата беріп, дәстүрлі ұлттық киім кигізді.

Инаугурация – жалпы билікке келген бас­шыны еліне адал қызмет етуге куә ететін көрініс. Осыны сөз еткенде оның әлем ал­дын­дағы әдемі көріністерін АҚШ арқылы елестетеніміз де шындық. Өйткені күшті мемлекеттің де салтанаты да ерекшелеу. 

1933 жылы 20 қаңтарда Конституцияға ен­гізілген өзгерістен соң, америкалық хат­тама әлемнің көптеген елдері үшін өне­геге айналды. АҚШ президентінің инау­гурациясы Вашингтондағы Капитоли алдында ұйымдастырылып, ұлы оқиғаны көзбен көру үшін көшелерге, алаңдарға миллиондаған адам жиналады. Ал мұ­хит­тың арғы жағына көз тіккен Еуропа ел­дерінде инаугурация рәсімі АҚШ-пен салыстырғанда қарапайым. Олар бұл жа­ғынан француз үлгісін ұстанады екен. Мә­селен, Францияның жаңа мемлекет бас­шысы президентті ерекшелейтін белгі мен «ядролық кодты» иемденеді. Президент қысқаша ғана халыққа өз арнауын жол­дайды. Салтанат отшашумен аяқталады (ар­тиллериядан 21 рет оқ атылады). 

Батысқа басы байланбаса да озық үл­­­гілерін алып жатқан көршіміз – Ре­сей Федерациясында марқұм Борис Ни­колаевич Ельцин 1991 жылы 10 шілдеде ұлық­тау рәсімін бір ізге түсіріп кетіпті. Өзі 1996 жылы 9 тамызда денсаулығына бай­ланысты инаугурацияны өте қысқаша атап өткен. Осылайша, мемлекеттің мил­лион­даған қаражатын үнемдепті.

Қазіргі президент Владимир Вла­ди­мирович Путин 3 рет ұлықталды. Үлкен Кремль сарайының Андреевский залында өтетін жиында Ресей Федерациясының Конституциясына қолын қойып тұрып ант қабылдайды (Бұған дейін Ельцин қолын жүрегінің тұсына қойып тұрып ант берген). 33 сөзден тұратын антты қайталайтын орыс көсемдері Ресейдің конституциялық соты төрағасының қолынан Ресей президенті белгісін алады.

Енді АҚШ-қа қайта оралайық. Қы­зық­тың бәрі сол жақта болып тұрады. Бұл елде алғашқы инаугурация кезінде «Боже, храни короля» деп аталатын британ гимні орындалыпты. 1829 жылы салтанатты көру­ге құмартқандардың көптігінен Ақ үйге терезеден кіргендер де болыпты. Арада 12 жыл өткенде Уильям Харрисон шараны алаң­да ұйымдастыруды қолға алады. Бірақ жұрт алдында екі сағат сөйлеген ол суықтап қалып, қатты ауырып, ақыры көз жұмады. Ал екінші инаугурация кейіпкері Авраам Линкольн мен оның вице-президенті сал­танатқа мас күйінде келгені әлі күнге ұмы­тылмапты. 

АҚШ-та президенттерінің көпшілігі ұлақ­таудан соң шіркеуге бас сұғады. Олар ант беру кезінде қолдарына ұстаған Інжілді дін қызметшісіне қайтарып береді. Әлемді ау­зына қаратқан мемлекеттің мақтанышына айналған Джордж Вашингтонды 1789 жылғы 30 сәуірдегі салтанатты ұлықтау шарасы – әлі күнге тарихи оқиға. Ол оқыған 135 сөзден тұратын ант мәтіні әлі күнге сақталған және әрбір жаңа президент соны қайталайды. Бірер дерек айталық...

1801 жылы АҚШ тарихында аты қалған То­мас Джефферсон алғашқы ұлықтау рәсіміне конгреске дейін жаяу келген. Бұл шараға экс-президент Джон Адамс қатысудан бас тартқан. Ал президент болып екінші мәрте сайланғанда конгреске атпен келіпті.

1809 жылы таққа отырған президент Джеймс Мэдисон әйелі Долли екеуі алғаш рет салтанатты балға қатысқан. 

1829 жылы президент болып сайланған Эндрю Джексонның ұлықтау рәсімін көру­ге қызыққандардың көптігі соншалық, мемлекет басшысының өзі Ақ үйге тере­зеден кірген. 

1841 жылы Уильям Харрисон инау­гу­рация кезінде 2 сағаттай сөйлеп, есімі та­рихта «шешен» ретінде қалды. 

Буштың инаугурациясы тіпті даулы жағдайда өткен. Ирактағы соғыспен бай­ланысты халық пен полицияның теке тіресі ушыға түсті. Вашингтондағы наразылық шараларының барысында 12 адам қамауға алынды. Елдің басқа да қалаларында «Буш біздің президент емес», «Буш – әскери қыл­мыскер» деген ұрандар алып шықты. Тіпті көшеде тыржалаңаш билеген қыздар да ұсталған. Буштың екінші мерзімдегі қыз­меті АҚШ тарихындағы ең нашар кезең болып саналады. 

АҚШ тарихына енген 57-инаугурация 2013 жылы 21 қаңтарда өтті. Елді екінші рет басқаруды өз қолына алған Барак Оба­ма Линкольн ұстаған Інжілді ұстап тұ­рып ант қабылдады. Бұл шараны екі мил­лионнан астам адам тамашалаған. Бә­рінен ерекшелігі – Обаманың ұлықтауға 160 миллион доллар жұм­салғаны. Бұл да ел тарихында қалған оқиға. 

2013 жылы ақпанда өткен Оңтүстік Ко­рея президенті Пак Кын Хенің инау­гурациясына поп-әнші Psy қатысып, бұл шараны YouTub-те тамашалағандар әлемдік рекорд орнатты. 

Өкінішке қарай, ел ішін елес кезіп, кө­шелер қанға боялып жатқанда да ұлықтал­ғандар бар. Айталық, Украинада дәл осын­дай жағдай болды. Таққа отырған Петр По­рошенко Жоғарғы Радада қарапайым түрде ант қабылдады. Көрші Қырғызстанда да ұлықтау қиын-қыстау кездерде өтті. Жер бетінде осы секілді тосын жағдайлар өте жиі кездеседі.

Мемлекет басшыларының арасында осындайда өзін ерекше көрсетіп қалғысы келетіндер де бар. Мысалы, 2000  жылы Мек­сика президенті Висенте Фокс Мехикодағы лашықтарды паналаған кедейлермен бірге таңғы ас ішсе, ОАР президенті Джейкоба Зума 2009 жылы ұлықтау рәсіміне некедегі 3 әйелімен келді. 

Биыл 11 қаңтарда Хорватияда ел та­ри­хында алғаш рет әйел адам – 46 жас­тағы Колинды Грабар-Китаро­вичтің пре­зи­дент­тік ант қабылдау рәсімін ерекше өт­кізгісі келгендер болған. Алайда ол әулие Марк алаңында:«Хорватия бай ел болу үшін, жастар сыртқа кетпеу үшін, адамдар өлуден бұрын, дүниеге нәресте көп келетін ел болу үшін мен өзіме қатысты нәрсенің бәрін жасаймын» деп шараны аяқтаған ол қызметіне бірден кіріскен.

Тбилисиде Грузияның жаңа президенті Георгия Маргвелашвилидің де ұлықтау рәсімі қарапайым өтті. Былайша айтқанда, ол бұрынғы әріптесі Михаил Саакашвилиге қа­рағанда 4 есе «арзанға» түсті. Кезінде Ельцин де ел өміріндегі ерекше салтанатты қарапайым өткіздіріп, миллиондаған рубль­ді үнемдепті.

Ұлықтаудың ұрпақ үшін өнегесі мол, тәр­биелік мәні зор. Сондықтан дамыған ел­дер осы шараға барын салады. Әлемдік үр­дістен Қазақстан да кейін қалмауы тиіс. Салтанатты ұйымдастырушылар елі­міз­дегі ұлықтауды әлемге үлгі боларлық, ерек­шеліктерімен көзге түсетіндей етіп жаңартып жатса, тіпті нұр үстіне нұр.

Дуанабай Жолдасбек

aikyn.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
9 жыл бұрын 5768
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167