Ақтөбелік шаруалар тез өсіп, табыс әкелетін қоян шаруашылығын, еті өтімді бірегей құс шаруашылығын дамытуды қолға алды. Алға ауданының шаруалары «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие алып, ауыл кәсіпкерлігін дамытып отыр.
Нарыққа бейімделу, сұранысы бар тауар шығару еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытуға септігін тигізіп отыр. Бұл үшін «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары қолайлы. Қазіргі уақытта 246 ақтөбелік 807 миллион теңгеден астам несие алып, отбасылық бизнесін бастап кеткен. Олар ірі қара ғана емес, қоян мен тауық, үйрек, күркетауық секілді құс өсіре бастады.
Құс шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкер Таңат Қонысбаев қазір 3500-ден астам қаз, тауықтың бірнеше түрі, үйрек, бөдене, күркетауық балапандарын бағып отыр.
«Біз үшін мемлекеттік бағдарламаның көмегі мол болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2,3 миллион теңге несие алдым. Құсты Башқұртстаннан әкеліп жатырмыз. Әр кезде әр түрлісін сатып алып, өңірде құстың жаңа түрін өсіріп келеміз. Мал баққан адам үшін құстың күтімі қиын емес. Дегенмен өз ерекшелігі, қиын тұстары бар. Алдағы уақытта құс санын 5 мыңға жеткізу жоспарда бар»,- дейді ол.
Ал қоян шаруашылығын дамытып отырған Асылбек Сағиев кәсібін ашуға 1,5 миллион теңге несие алды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінген кәсіпкер қоянның тез өсетініне қызығып, табысты кәсіпті бірден бастап кеткен. Қорадағы 20 қоянды бағатын адамды да жұмыспен қамтып отыр.
«Қоян бағуды енді бастап жатырмыз. Алғашында 20 қоян сатып алып, көбейтуді жоспарладық. Біз үшін тың әрі қызықты кәсіп. Бәрі сәтті болса, ірі қоян шаруашылығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күннің өзінде қоян етіне сұраныс жоғары»,- дейді А.Сағиев.
Алға ауданының тұрғыны Аян Хайтбаев болса мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрді. Кәсіпкер 4 миллион теңгеге 20 бас ірі қара сатып алып, мал бордақылау орнын ашты.
«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» пилоттық жобасы біз секілді қарапайым адамдар үшін өте тиімді. Шағын кәсіпті дамыту үшін 4 миллион теңгеге ірі қара сатып алдым. Қазір 2 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз»,- дейді ол.
Ал Ақтөбеге Алматыдан қоныс аударған Зарина Ғалиева Алға ауданы, Бесқоспа ауылдық округінің Есет батыр ауылынан ешкі шаруашылығын дамытпақ ойда. Ол өз қаржысына 15 бас ешкі сатып алып, бағып отыр. Алдағы уақытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ешкі алып, сүті мен етін сатуды жоспарлайды.
«Соңғы жылдары адамдар астың сапасы мен құрамына көп көңіл бөлетін болды. Ешкі еті өте дәмді әрі ағзаға сіңімді. Сүті мың дертке дауа. Әсіресе, асқазан, ішек ауруларына ем»,- дейді З.Ғалиева.
Қолынан іс келетін ауыл адамдарының жай-күйімен танысқан «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Н.Ағниязов «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» партиялық жобасының сәтті іске асырылып жатқанына көз жеткізді.