«НАРЦИСС» ДЕГЕН ТЕРМИН ЕСІМЕ ОРАЛАДЫ
Бүгінгі әлеуметтік желілермен қатар басқа да қоғамдық қатынас құралдары, БАҚ, әр жердегі әртүрлі жарнамалар т.б кез-келген жерде біз жас-кәріміз, әйел-еріміз бар, бәріміз өзімізді өзіміз жаңа көргендай сұқтана қарап, айналаға «міне мен осындаймын!» деп жарнамалауға кірісіп кеттік... Өтірік емес ғой, солай ма?
Осыны ойлағанда есіме «нарцисс» деген термин оралады: «Ертеде сыр-сымбатына сөз жетпейтін, көркіне көз тоймайтын бір жас жігіт болыпты. Есімі оның Нарцисс болса керек. Сымбаттылығы сонша – қыз-келіншектер түгіл, оған ер жыныстылар да аңтарыла қарап, сиқырланғандай күй кешеді екен. Бірақ айналасындағылардың өзіне деген сондай ілтипаты оны шектен тыс тәкаппарлыққа ұрындырып, ақырында ол ешкімді менсінбей, көзге де ілмейтін халге жетеді. Бір күні ол бақта кетіп бара жатып шөл қатты қысқан соң су ішпекке бұлаққа еңкейгенінде судан өзіне ентелей қараған бір бейнені көреді. Көреді де, естен тана ғашық болады. Өмірі ешкімге көз қиығын да салмайтын Нарцисс әлгі бейнені көргенде, қасынан кете алмай, көзін ала алмай, сол жерде талып қалады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған жігіт ақыры сол бейне иесін таппаған күйі құсадан көз жұмады. Ең өкініштісі, су бетінен көрген бейне өзінікі екенін Нарцисс өлгенше білмей кеткен екен»,-дейді.
Кейін келе ғылымда өзін шектен тыс жақсы көретіндерге «нарциссизм» диагнозын қою осыдан қалған екен.
Осы арқылы не айтпағым түсінікті бола бастаған шығар. Қайта, Нарцисстің ол «қылығын» кешіруге болады, себебі ол су бетінен көрген бейненің өзінікі екенін білген жоқ қой?
Ал бүгінгі қоғам, яғни мына біз, немесе мына мен ше? ...
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ
Фейсбуктегі парақшасынан