Күйеуіне тоқал іздеп жүр
Күйеуіне тоқал іздеп жүр

Фото: Г.Қабылбекованың "фэйсбуктағы" парақшасынан алынды

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы «фэйсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған жазбасы арқылы көпшіліктің жағасын ұстатты. Әкімдіктік қызметкері Гаухар Қабылбекова күйеуіне жар іздейтінін көпшілікке жайып салған. Бұл туралы Qaznews.kz-ке сілтеме жасап qamshy.kz хабарлады.

Пост авторы: «Парламентте көкелеріміз бен апаларымыз екі әйел алуға рұқсат беру туралы заңды әлі талқылап келеді. Бір мәмілеге келе алмаудың басты себебі — көкелеріміздің үйдегі жеңешелерімізден аса алмауында болса керек. Басқалай себебін көре алмай тұрмын. Әйелдерге келсек. Екінші әйел әперуден неге қорқатындарын әсте түсінбеймін (өзімді ондайлардың қатарына қоспаймын). Нәзік жандыларымыздың өзімшілдігі тұтастай ұлттың жойылуына әкеп соқпасын бір күні. Олай ойлауға да негіз бар. Бүгінде қазақ даласын бедеулік жайлады. Оны медицина саласының мамандары да растап бере алады. Ал, бала туғызуға қабілетті ер азаматтарымыз әйеліне 10 бала таптыра алмай жүр. Себеп, зайыбының «денсаулығы көтермейді». Денсаулығы жарамаса, бір күйеуге зар болған, оң босағада отырған қыздарымыз қаншама, солардың бірін әпер. Әлде, еркек өмір бойы бір әйелге табынып өтуі керек пе?! Табынуы қажет болса, ақылымызбен табындырайық, өзімшілдігімізбен емес. Алсын екінші әйел, шамасы келсе үшіншісін алсын, көбейсін. Әрбірінің несібесі өзінде. Бұл айтқандарымды әйелдер қолдамайтынын білемін. Еріктері білсін. Бірақ кетем деген еркекті ешкім ұстап тұра алмайтынын да ұмытпаңыздар. Қытай елі екінші балаға рұқсат беріпті. Олардың көбейгенінің көкесі енді болады. Біз қайдан көбейеміз? Әйелдер отырса, бөліспеймін деп. Еркектер отырса, әйелім көнбейді деп. Заңның қабылданбай жатысы анау депутаттардың да әйелдері бар емес пе, олардың келісімінсіз заң да қабылданбайды-ау.

Күйеуіме бір ұл, бір қыз сыйладым. Құдай қанша берсе де, көпсінбес едім. Әйтсе де, бермегенін тартып ала алмайсың. Үйлен дедім. Әзілден тыс. Екінші әйелді таңдауды өзіме салды. Сонымен, кастинг жариялаймын… Қазақтың санын көбейтемін деген қыздар болса, кандидатурасын қарауға әзірміз. Заңның қабылданғанын күтіп жүргенде, елімізді қара қытай қаптап кетер» деп жазған. Мұны оқып, жұрт қызу талқыға салды. Бірі келісті, құптады, «орынды уәж» деді, енді біреулері Гаухар Қабылбекованы сөккендей болды. «Кастинг» жариялаған әпкеміздің жазбасы кейбірінің жағасын да ұстатты. Тіпті сайт тілшісі күйеуіне жар іздеген келіншекпен жеке тілдесіпті.  Бір қызығы, әкімдік қызметкері бұл әрекетіне таң қалудың қажеттігі жоқтығын айтып, тіпті теріс пікір білдіргендерге кәдімгідей ренжіп отырғанын да жасырмаған. «Бала-шағамның бауырлары көп болса, оған неге мен қарсы болуым керек?... Жігіттердің тапшылығы сезілуде. Сондықтан кейбірі бұйырғаны осы деп, шетелдіктердің етегінен ұстап кетіп жатыр. Өзге ұлттың көбеюіне атсалысып жатқан қыздарды жоқ дей алмайтын шығарсыз. Ендеше рұқсат беру керек, ер азаматтарымыз саналы болса, екі әйелдің де қадіріне жетер деп ойлаймын өз басым» деп ой бөліскен Г.Қабылбекова. Сондай-ақ, ол бүгінде жас қыздардың кейбірі отбасылы азаматтарға жабысып, соның салдарынан ойнастардың көбейетінін, бұл жетімдердің артуына себепші екенін де жасырмаған. Айта кетейік, әлеуметтік желінің парақшасына кіріп, аталған жазбаны іздеп көрдім. Бірақ бізге белгісіз себептерге байланысты оны таппадық. 

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 жыл бұрын 4138
4 пікір
  • Мен үшін күйеуім - сырласым, мұңдасым, сүйенішім, асқар тауым, ауырсам - қасымда, дәрі-дәрмегін беріп жүгіріп жүреді. Еркелесем - еркелігімді көтереді. Кейде "ыдыс-аяқ шылдыраса", басу айтады. Ой бөлісетін, пікірлесетін, жақсымды асырып, жаманымды жасыратын, қысқасы, барым да, нарым да - сол. Оны екінші бір әйелмен бөлісу... Әй,қайдам! мына келіншектің жүрегінің түгі бар екен. Ертең ол күйеуі екінші әйеліне елтіп, соған көңілі ауып тұрса... Сенің қасыңда болғанмен, соны аңсап, сағынып, солай қарай есі кетіп тұрса қалай болмақ? Білмеймін...
    8 жыл бұрын
  • Нағыз бұрынғының бәйбішелеріндей ақыл да, парасат та бір бойында жетерлік әйел екен. Жалқыдан жалпыға көтерілген САНА!!!
    8 жыл бұрын
  • Бұл екі жыл бұрынғы пост болған екен. Осы пост төңірегіндегі шу әлі басылмады, оны неге қазбалап шығарғаны белгісіз.
    Бейбіт Сарыбайдың сайттар туралы посты есіме түсіп отыр.
    8 жыл бұрын
  • Қанша жыл өтсе де ескірмейтін насихат екен...
    8 жыл бұрын
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167