Мейіржан Сандыбай: Мені аниматор болуға мультфильмнің өзі жетеледі (фото+видео)
Мейіржан Сандыбай: Мені аниматор болуға мультфильмнің өзі жетеледі (фото+видео)

Жақында Астана қаласында өткен XIII халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде «Ит» атты қазақ мультфильмі «Ең үздік қысқа метрлі фильм» номинациясы бойынша гран-при иеленді. Осы орайда біз анимациялық туындының авторы, Қазақ ұлттық өнер университеті анимациялық кино режиссурасы мамандығының алғашқы түлектерінің бірі Мейіржан Сандыбаймен тілдескен болатынбыз.

 

Бала кезінен мультфильм көріп, оның кейіпкерлеріне еліктеп өспейтін бала кемде-кем шығар. Сол бала қиялдың мультипликация саласына жетелейтіні де жоқ емес. Анимация өнеріне біреу суретшілік қабілетімен келсе, кейі мультипликациялық өнімге деген аса қызығушылығымен келетін сыңайлы. Біздің кейіпкеріміз соңғылардың қатарында болып шықты. Оның айтуынша, өзін осы салаға жетелеген бала кезде көрген бір ғана мультфильмі екен.

«Бала кезімізде ата-анамыз базардан сарқытсыз оралмайтын еді ғой. Бір күні анам маған «Король Лев» деген таспа алып келді. Фильмнен бұрын мені таспаның сыртындағы суреттер қызықтырған болатын. Сол бір ғана мультфильм менің бала қиялымды осы арнаға бұрып, бүгінгі күні мультипликация маманы болуға дейін жеткізді», - деген жас аниматор мультфильмнің балаларды тәрбиелеудің маңызды құралы екенін айтады.

Оның айтуынша, мультфильм – ұтымды идеологиялық құрал. Анимациялық өнімдер арқылы тұтас бір буынды тәрбиелеуге болады.

«Мен сол «Король Левті» көру арқылы бала күнімнен мейірімділік пен қайсарлықты үйрендім, жақсылыққа талпындым. Мультфильм – ұлттық идеологияны дәріптеудің тамаша құралы. Онымен қоғамның қай тұсын да көрсетуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан біз жас мамандар осы тұрғыда жұмыс жасауымыз керек. Мысалы, менің осы жолы жүлделі болған «Ит» атты фильмімде соңғы кездері көбейген көкек аналар мен тағдырлары тас-талқан болған жас сәбилерді көрсеткім келді»,-дейді ол.

Қазақстанда аниматорлар үш оқу орнында дайындалады. Олардың бірі өнердің қара шаңырағы болған Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы болса, екіншісі Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Үшіншісі – Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі. 2012 жылы елордадағы анимация режиссурасы мамандығының ашылуына мұрындық болған және сонда қазірге дейін ұстаздық етіп келе жатқан Жәнібек Нұрбекұлы шәкіртінің жеңісі тұңғыш түлектерін биыл ғана ұясынан ұшырып отырған осы оқу орнының да жеңісі екенін қуана жеткізді.

«Студенттеріміз өте талантты. Өзіндік қолтаңбалары бар. «Ит» – Мейіржан Сандыбайдың дипломдық жұмысы. Бес жылдық оқуын аяқтап, енді ғана түлеп ұшқан жас мамандарымыз үшін бұл үлкен жетістік. Бұл – қазақ анимациясының 50 жылдығы кезінде Қазақ ұлттық өнер университеті анимация режиссурасы мамандығының ұстаздары мен студенттеріне берілген үлкен марапат деп есептеймін»,-дейді Жәнібек Нұрбекұлы.

Мейіржан Сандыбай болса қазақ мультипликациясының болашағына үлкен үмітпен қарайды. Жарты ғасырлық тарихы бар қазақ мультфильмінің бүгінгі күні саны мен сапасы да артып келе жатқанын айтқан ол өз замандастарының осы салада құлшына еңбек етіп жатқанын жеткізді.

«Қазақ мультипликациясының бүгінгі таңдағы аяқ алысы жаман емес. Еліміздегі студиялардың саны саусақпен санарлықтай болса да, шығарып жатқан кино өнімдері көңіл көншітеді. Бұрынғыға қарағанда мамандардың саны да, сапасы да артып келеді деп ойлаймын. Қазіргі кезде қазақ мультипликациясын дамытуды мемлекет өзі қолға алып жатыр. Бұл деген сөз біз жастардың осы саланы дамытуымызға үлкен мүмкіндік туып тұрғанын көрсетеді»,-деген жас аниматор алдағы уақытта өз студиясын құрып, осы салада еңбек еткісі келетінін айтты.Айта кетейік, бұған дейін Мейіржанның «Көксерек» атты 15 минуттық туындысы Алматыда тұңғыш рет өткен «Қарлығаш» республикалық анимациялық кино фестивалінде «Үздік студенттік анимациялық фильм» аталымын жеңіп алған болатын. 

 

 
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 2746
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167