Мемлекет басшысының халыққа арнаған биылғы Жолдауында жаңа технологияларды қолданысқа енгізу, робототехниканы дамыту, жүйелерді автоматтандыру секілді мәселелерге ерекше мән берілді. Яғни, бұған дейін қағаздағы жоба күйінде қалып келген инновациялық бастамалар енді нақты жүзеге асуы тиіс. Болмаған жағдайда дамыған елдер отыздығына қосылу біз үшін тек арман болып қала бермек.
Осындай инновациялық жобаларға жан бітірген компаниялар елімізде саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – «Қазпошта» акционерлік қоғамы. Компания қазір қызмет түрлерінің біразын онлайн режимде көрсетіп келеді. Соның нәтижесі болар, бүгінде Қазпошта бөлімшелерінің алдында бұрынғыдай ұзын-сонар кезек аз да болса қысқарған. Технологияларды автоматтандыру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында қазір жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр екен. Оның нақты қандай жұмыстар екенін білу мақсатында «Қазпошта» АҚ-ның инновациялар мен ақпараттық технологиялар жөніндегі атқарушы директоры Нариман Мұқышевты әңгімеге тартып көрген едік...
– «Қазпошта» АҚ төрағасы Сәкен Сәрсенов «бұдан былай Қазпошта ғимараттарында ұзын-сонар кезек болмайды, қағазбастылық жойылады» деген болатын. Өзіңізге белгілі, қазір бізде E-gov деген портал бар, онда халыққа қажетті қызмет түрлерінің басым көпшілігі онлайн режимде көрсетіледі. Сол секілді сіздерде де Post.kz деген порталдың бар екенін білеміз. Онда қандай қызмет түрлері көрсетіледі? Мәселен, мен үйде отырып осы портал арқылы қалаған газет-журналыма жазыла аламын ба?
– Иә, сұрағыңыз орынды, біз қазір онлайн көрсетілетін қызмет түрлерінің санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Қазпоштаның 24/7 режимінде жұмыс істейтін онлайн-бөлімшесін ашу – біздің алға қойып отырған стратегиялық жоспарымыз. Ол Жер шарының кез келген нүктесіндегі адам үшін қолжетімді болады, бастысы интернет желісі болса болды. Қазірдің өзінде Post.kz порталын күніне 30 мыңдай адам пайдаланады. Мұнда тұтынушылар үшін қызметтің ондаған түрі көрсетіледі. Мәселен, курьерді шақыру, несие төлеу, балабақшаның ақысын, коммуналды және өзге де қызмет түрлерінің ақысын төлеу, хат-хабарламаның қай жерде екенін қадағалау секілді маңызды сервистер бар. Сонымен қатар, үйде отырып-ақ мемлекеттік органдарға «Гибридті пошта» қызметі арқылы хат жолдауға, Қазақстан мен ТМД елдері арасында ақша аударуға, Қазпошта бөлімшелерінен кезек алуға болады.
Ал, биыл біз Қазақстандағы кез келген банктің несиесін рәсімдеу қызметін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Яғни, несие алғысы келген тұрғындар біздің онлайн-қызметімізді пайдалана алады. Сондай-ақ, автосақтандыру, кредиттік тарих бойынша анықтама беру секілді де сервистерді қосу жоспарда бар. Алдағы бірер айда ticket.post.kz қызметі де халыққа қолжетімді болмақ. Ол арқылы ел тұрғындары әуе және теміржол билеттерін сатып ала алады. Ерекше айтқым келетіні, бізде сатылатын билеттер бағасы нарықтағы бағадан қарағанда арзанырақ.
Ал, өзіңіз айтқандай, газет-журналға онлайн жазылу қызметі де кез келген азаматқа қолжетімді. Ол үшін Postmarket.kz деген порталға кіруіңіз керек, әрі қарай қажетті басылымыңызды таңдап жазыла бересіз.
– Жөн. Жаңғырту бағдарламасы аясында елімізде барлығы 400 бөлімшені су жаңа технологиялармен жабдықтауды жоспарлап отыр екенсіздер. Яғни, Қазпошта көрсетіп келген қызмет түрлерінің басым көпшілігі онлайн үлгіге көшеді деген сөз. Бұл жұмысшылар санының қысқаруына алып келмейді ме?
– Дұрыс айтасыз, Қазпошта жақын уақытта Қазақстандағы жаңғыртылған бөлімшелер санын 400-ге жеткізетін болады. Осы жылдың соңына дейін-ақ 150-ге жуық бөлімшеде жаңғырту жұмыстары аяқталмақ. Бұл бастамамыз аймақтардағы қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Енді аудан-ауылдарда пошта алдында кезек күткен адамдар болмайды деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, бөлімшелерде қызмет көрсету бұрынғыдай бір терезеде ғана емес, бірден үш бағыт бойынша (пошталық, қаржылық және корпоративті) жүзеге аспақ. Сонымен қатар, үйінде интернеті жоқ тұрғындар бөлімшеге келіп, онлайн қызмет түрлерін өздігімен пайдалануына жағдай жасалған.
Бұл жаңғыртулар қызметкерлер санына еш әсер етпейді, яғни қысқармайды. Ал, пошташылардың міндеті – хат пен хабарламаларды тасымалдау, жеткізу. Бұл қызметтің түрін атқаратын роботтар біз түгілі өзге елдерде де жоқ қой... Сондықтан Қазпошта қызметкерлер санын арттырмаса, жақын уақытта қысқартпайтыны анық.
– Пошташылар демекші, қателеспесем 2014 жылы компанияның сол кездегі төрағасы Бағдат Мусин пошташыларды түгел GPS-навигаторлармен жабдықтаймыз деп уәде берген болатын. Аталған бастама жоба күйінде қалды ма, әлде жүзеге асырып жатсыздар ма?
– Қазір пошташылардың барлығы смартфондармен қамтамасыз етілді. Бұл жүйе пошташының клиентпен байланысын орнатып қана қоймай, өзіңіз атап өткендей, хат-хабарламаның қайда екенін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Яғни, пошташы хабарламаны клиенттен алған кезде және оны апарып тапсырған кезде жүйеге хабар келеді. Бұл да бұрынғы қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік берді. Бұл жоба әзірге пилотты режимде жүзеге асып жатыр. Жақын уақытта біз оны бүкіл Қазақстан аумағында қосатын боламыз.
– Өзіңізге белгілі, қазір ақпараттық технологиялардың заманы. Бүгін жазылған жаңалықтың ертең-ақ маңызын жоғалтып алатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Елімізде «Егемен Қазақстан», «Казправда» секілді күнде шығатын газеттер бар, пошташылар оларды оқырманға күндегісін күнде таратып үлгеріп жүр ме?
– Мерзімді басылымдарды оқырманға дер кезінде жеткізу – біз үшін маңызды мәселелердің бірі. Қазір Қазпошта оларды жеткізуге жұмсалатын уақытты барынша қысқартудың жолдарын қарастырып жатыр. Бірақ, ол үшін газет шығарушы редакциялардың да атсалысқаны қажет. Мәселен, басылым типографиядан шыққан күні таңертеңгі 04:00-ге дейін біздің ғимаратта жатуы тиіс. Алайда, үнемі олай бола бермейді. Газеттер Қазпошта бөлімшесіне кем дегенде 1-2 сағат кешігіп жеткізіледі. Оның да түрлі себептері бар ғой. Мысалы, мемлекеттік басылымдар жаңадан қабылданған заң нормаларын, Президент жарлықтарын, бұйрықтарды, өкімдерді басуы керек болады, ол материалдар редакцияға кеш түсуі мүмкін. Тиісінше типографияда да кешігіп басылады. Егер кешікпесе күніге шығатын республикалық басылымдар қалалар мен облыс орталықтарындағы сауда нүктелеріне таңертеңгі сағат 09:00-де жеткізіледі. Ал, елдімекендерге таратуда кейде 1 тәулікке дейін кешігіп қаламыз, өйткені, типографиядан кеш шыққан газетті пойызға салып үлгермейміз.
– Жуырда ғана Beeline-Қазақстан компаниясымен бірлесе money.beeline.kz сервисін іске қостыңыздар. Яғни, «Билайн» ұялы операторының кез келген тұтынушысыөз теңгеріміндегі ақшаны Қазпоштаның бөлімшелерінен қолма-қол шешіп ала алады. Шынын айту керек, тұрғындар үшін өте қолайлы жоба. Дегенмен, елімізде өзге де ірі ұялы байланыс операторлары да бар, олармен де осы жобаны бірлесе жүзеге асыруды көздеп отырған жоқсыздар ма?
– Иә, расымен де өте қолайлы жоба, клиенттер тек оң пікірлерін білдіріп жатыр. Біз жалпы, барлық ұялы байланыс операторларымен осы жобаны бірлесе жүзеге асырғымыз келеді, бәлкім болашақта асыратын да шығармыз. Ал, нақты жоспарлар туралы айтуға әлі ертерек.
–Елбасы соңғы жолдауында Қазақстанның үшінші жаңғыруын бастайтынын айтты. Енді, жаңа технологиялар қоғамның барлық саласын қамтуы тиіс. Ал, Қазпошта үшін бұл бұрынырақ басталып кеткен процесс. Енді жақын болашақта компанияға қандай технологияларды ендірмексіздер?
– Елбасының соңғы жолдауы расымен де компанияның жаңғыруына жаңа дем берді. Сіз дұрыс байқапсыз, бізде инновациялық жобаларды ендіру әлдеқайда ерте басталып кеткен. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмасымыз анық, жақын уақытта пилотсыз ұшу аппараттарын (дрон), 3D-принтинг секілді жаңа технологияларды пайдалануды көздеп отырмыз. Алдымен пилоттық режимде жүзеге асырамыз. Жалпы, Қазақстанның инновациялық дамуына одан әрі де үлесімізді қоса беретін боламыз, қысқасы осы.
– Уақыт тауып әңгімелескеніңіз үшін рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан С.Абайұлы.
Baq.kz