"Құдайсыз қурай сынбайды" дейді...
"Құдайсыз қурай сынбайды" дейді...

Негізінде, Алланың абсолютті (мұтлақ) құдіретінің сәулесінде адамның еркіндігі мен жауапкершілігін негіздеу оңай шаруа емес. Адамның жауапкершілік арқалаушы болмысы назардан тыс қалмауы үшін ол іс-әрекеттерінде еркін болуы шарт. «Адам – өз ісінің жаратушысы» дегенде Мутазила осыны айтқысы келген. Бұған қоса, адамның лас істеріне Алланы кірістірмеу мақсатында Мутазила тәнзих (Алланы жаратылысқа тән нұқсаны бар әрекет пен сипаттардан ада тұту) принципіне сай ақыл қорытындыларына жүгінген. Бұған жүз пайыз қарама-қарсы пікір ұстанған Жәбрия болса, Алланың абсолютті құдіретін негіздеуге тырысып, адам еркіндігін жоққа сайған әрі адам әрекеттерінің тек жалғыз жаратушысы Алла деп, жауапкершілік мәселесінде тығырыққа тірелген. «Әһлі сунна» жолындағы калам білгірлері осы екі шетін пікір арасынан «орта жолды» табуға тырысқан. Адамның іс-әрекетіндегі ролін жоққа саймаса да болмашы ғана орын берген немесе көлеңке секілді қалау еркіндігін таныған Әшарилермен салыстырғанда Матуриди ғалымдары іс-әрекетті жаратуды Алламен байланыстыра отырып, кәсб (иелену) тұрғысынан адамға тән деп қабылдаған. Іс-әрекеттегі адам еркіндігі шеңберін негіздеу барысында, тіпті, белгілі бір дәрежеде Алланың қалауын адамның таңдауына байлай отырып қорытындылар жасаулары - тағдыр мәселесіне қатысты ең түсінікті әрі сәтті қорытынды боп адамзат қазынасына қосылды. Тағдыр жайлы толғағанда Ислам теологтары Алланың сипаттарына кемшілік пен нұқсан келмеуін қаперде ұстайтын. Адам әрекеттеріндегі еркіндік пен таңдау рөлін Алланың Құдірет сипатына жалғаған тұста әрбір ісін тек зорлықпен (жәбр) жасайтын құлдың болмысы алдымызға шығады. Ал, Алланың Әділ сипатына басымдық берген сайын адамның еркі мен жауапкершілігіне жол ашылады. Түркі ғұламасы Матуриди адам еркіндігі мен әрекетіндегі жауапкершілігін негіздеуде Алланың Әділ сипатын алдыңғы планға шығарды. Себебі, таңдауы бар, іс-әрекетінде еркін адамды о дүниеде сұраққа алуға болады. Әрі жауапкершілік арқалаушы болмысы да оның адам ретіндегі орнын айқындап тұрады. Бұл өз кезегінде Алланың әділдігін де паш етеді. Матуридилердің көқарасы бойынша адам әрекетінде екі түрлі Алланың берген құдіреті (күш) бар. Біріншісі, әрекеттен бұрынғы құдірет, мұны адам ағзасы мен дене мүшелерінің саулығы (сәламатул әсбаб уәль әлат) дейміз. Алла мұны бізге потенциал ретінде берген. Екіншісі, құл таңдау жасап әрекетке көшкен кездегі осы актты жүзеге асыру барысындағы болып жатқан әрбір қимылдың Алланың құдіретімен жүзеге асып жатуы. Мұны, қазақта «Құдайсыз қурай да сынбайды», деп дәл анықтаған. Осы жерде, егер адамның қалауы мен әрекеті жаман іске қарай бағытталса да, Алла соны жаратып бере ме?, деген сұрақ туады. Бұл жерде мәселе тек Алланың Әділ сипаты арқылы шешіледі. Өйткені, Алла адамды бұл өмірге сынақ үшін жіберген, жақсы істерді әмір қылып, жаман істерден тыйған. Мұның әрбірін адам таңдау еркімен жүзеге асырады. Жаман істердің де, жақсы істердің де обьективті шындық ретінде жаратылуы Аллаға тән. Мұны «тәкиуни ирада» дейді. Яғни, Алланың қалауымен жүзеге асқан істер. Ал, жаман әрекеттерге қатысты қалауы мен жаратуын «тәшри ирада» дейді. Мұнда Алланың жаратуы болғанымен, разылығы жоқ. Яғни, құлдың қалау еркімен жасаған ісінде құдірет ретінде Алланың жаратуы бар болғанымен, разылығы жоқ. Бұл да, Алланың сынағы мен Әділ сипатының мәнін көрсетсе керек.

Асылтай Тасболат
Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3980
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167