Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)
Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

Ақтөбедегі қалалық мешіттің бас имамы Амантай Садиев көше сыпырушыларға арнап ауызашар ұйымдастырды. Ертелі кеш қолынан күрегі мен сыпыртқысын тастамайтындарға арналып, «Афсона» шығыс мейрамханасында дастархан жайылды. Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Бұл құрмет туралы айтып жеткізе алмаймын. Бізді мейрамханаға ешкім шақырған емес. Ешкім елей бермейтін, көше сыпырып жүрген адамдармыз. Осылай жүргеніме 17 жыл болды. Үйде қарап отырмай балаларыма көмектескім келеді. Үнемі шаңның арасында жүрген соң, жұмысты жеңіл демейміз. Бірақ үйреніп кеттік. Қоқыс таситын машинада жүк тиеуші болып жұмыс істеймін. Қоқыс жәшіктерінің айналасын тазартамын. Бұрын жалақымыз 60 мың теңге ғана болатын. Бүгінде жалақым 90 мың теңгеге өсті.  Қазір бәрі қымбаттап жатқан заманда бұл да бізге көмек болып тұр. Өзім бес балалы анамын. Екі балам бөлек тұрады. Бір ұлым жақында қайтыс болды. Соның бір баласы менің қолымда. Қызымның да жолдасы мезгілсіз көз жұмып, төрт баласымен менің қолыма келді. Шүкір, Алла амандық берсін, балаларым үй салып жатыр», - дейді «Таза қала» мекемесінің жұмысшысы Өтеген Жұбанова. 

Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

Ауызашар дастарханға келгендердің арасында 20 жылдан бері көше сыпырып жүргендер бар. Беттерін терең әжім басқан аналардың қуанышында шек жоқ. Бас имам Амантай Садиев ақ жаулықты аналарға ақ раушандар таратты.

«Ойбай-ау, гүл де дайындаған ба?», - деп  таңданған қариялар мерейлері өсіп, рахмет айтумен болды.

Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

«Қала тазалығы үшін көшеде жүргенімізге 15 жыл болды. Арамызда 20 жылдан бері осы жұмыста келе жатқандар бар. Жұмысымыз ерте басталады. Таңғы сағат 5-те базада болуымыз керек. Сағат 6-да тазалық жұмыстарына шығып кетеміз. Осы жұмысқа үйрендік. Біз ешкімге шағым айтпаймыз. Бізді осындай қуанышқа бөлеген адамның да қуанышы еселенсін», - дейді көше сыпыратын ана Асылтас Молдашева.

Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)
 
Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

Рамазан айында жайылған ауызашар дастарханына 20 көше сыпырушы шақырылған. Олардың әрқайсысына рамазанның сыйлығы ретінде 1000 бірліктен таратылды.

Ақтөбелік имам 15 жылдан бері көше сыпыратын аналарды ауызашарға шақырды (фото)

«Тазалық - иманның жартысы. Әркімнің тастап кеткен қағазы мен ыдысын жинап жүрген қала тазалаушыларға құрметпен қарауымыз керек. Жаз айында қолына сыпырғыш, қыста күрек ұстап жүрген аналарымыз бен әкелеріміздің еңбегін бағалауға тиіспіз. Ертелі-кеш сырттағы тазалықпен айналысып жүрген адамдардың арасында да ораза ұстап жүргендер бар екен. Көше сыпырып жүрген ақ жаулықты аналарымыз барлық құрметке лайық. Осы кісілерге көңіл бөліп, ауызашар ұйымдастыруды жөн деп таптым», - дейді Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Амантай Садиев.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3540
2 пікір
  • МашАллаһ!!! Аллам разы болсын! Тек осындай амалдарды тек Рамазан айында ғана емес, басқа айларда да жасасақ...
    7 жыл бұрын
    • Керемет. Аадамның ақылына кірмейтін нәрсе екен. Байларды ауызашарға шақыры бергенше осындай кісілерді құрметтеуді үйрену керек.
      7 жыл бұрын
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167