«Құралайдың салқыны» һәм киіктің киесі
«Құралайдың салқыны» һәм киіктің киесі

Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі таңда оның сирек қолданылып, ұғымы да көмескіленіп бара жатқаны өтірік емес. Қырдағы қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалып жататынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан.

Уикипедия дерегіне сүйенсек, бұл кез  -  Қазақстанның орталығы және солтүстік аумақтарында шамамен 20 мамырдан басталып, он шақты күнге созылатын ауа райы құбылмалы күндер.

Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір қоңылтақсытып өтетін қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар.

Табиғаттың төл баласындай болған бұрынғы қазақ киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен. Құралайдың салқыны амалында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде оншақты күнге созылады. Осы кезде төлдеуі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасатын көрінеді. Оның мəнін аңшылар «қоңыр аңдар күннің көзінен таса жерге төлдеуге ұмтылады» деп түсіндіреді. Соған байланысты ел арасында киік лақтаған жерге назағай ойнайды деген ырым бар.

Құралайдың салқыны амалында аспанды бұлт торлап, аздаған жел тұрады. Осы кезде жаппай төлдеген киіктердің лақтары желге қарсы жүгіріп, тынысын ашып, тез аяқтанып кететін көрінеді.

Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. Түз жануарларының тез төлдеуінің бір сыры - аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына ала беретін көрінеді. Киік құралайының далада жетім, жалғыз қалмайтыны осыдан болса керек.

Сондай-ақ, киіктің киелі жануар екендігін білдіретін тағы бір жағдай бар. Атап айтқанда, көктемнің соңында, тек мамырдың 22-28-і күндері ұлы даладан қазақтар «түйе­табан» деп атап кеткен өсімдікті көруге болады. Кереметтігі сонда, оның аса үлкен жасылдау-қызғылт түсті жапырақтары жаңа туған киік құралайын жасырып тұрады екен. Солайша қырағы бүркіттердің өзі табиғаттың қорғауында жатқан құралайды көре алмайтын көрінеді. Сөйтіп, құралайлар аяғынан тұры­сымен-ақ, әлгі «түйетабан» өсім­дігі келесі көктемге дейін жоғалып кетеді екен.

«Құралайдың салқыны» кей жылдары суық жаңбырға ұласып, мал мен жанға қолайсыздық əкеліп, əбігерге салатын кездері де болады. Бұл кездегі жауын-шашынды салқын күндерде Маңғыстау қазақтары жақын маңдағы құдыққа қарай көшіп, қонып үлгеруге қамданады.  

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 4108
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167