Расул Жұмаұлы: Қой терісін жамылған «қасқырлар» уақытша ханафи болып отыр
Расул Жұмаұлы: Қой терісін жамылған «қасқырлар» уақытша ханафи болып отыр

Билік сәләфизмге қатысты ұстанымын айқын білдірген соң кейбір азаматтар қалыпты исламға бет бұра бастады. Бұл туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді. 

Шыны керек, министрдің бұл мәлімдемесіне сену қиын. Себебі, қой терісін жамылған «қасқырлар» уақытша ханафи болып отыр.

Елімізге есімі белгілі дінтанушыға хабарласып, Астанада өткен Қазақстан дінтанушыларының форумы туралы сұраған болатынбыз. Аты-жөнін жазбауды өтінген азамат аты дардай форумнан ештеңе күтпейтінін қынжыла айтты. Себебі, аталған басқосуда еліміздегі ең өткір мәселеге – сәләфизмге тосқауыл болатын шара қабылданбаған. Сондықтан да дінтанушы «форумнан ештеңе күтпей-ақ қойсаңыздар болады» деді көңілсіз.

Расында, дінтанушының салы суға кетіп, көңілсіз болуы тегін емес. Себебі, министр өзін ғана емес сонымен қатар дүйім жұртты «сәләфиттер қалыпты исламға өте бастады» деп алдап отыр. Шын мәнінде, ол сәләфиттердің қиын-қыстау кезеңде керек болса христиан да бола салатын қулығын ескермей жатыр.

Әйтсе де белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы министрдің сөзінің сәл де болса жаны бар екенін айтады. Нақтырақ айтсақ, сәләфиттердің қауіпті ағым екенін ата-аналар біліп, одан балаларын сақтандырып жатыр.

– Сәләфизмге тойтарыс берілді деген оймен келісе алмаймын. Себебі, аталған ағымның жетегінде жүріп соның салдарынан ақыл-ойы уланған азаматтар жетерлік. Оны соңғы жазда болған қанды қырғында анық байқадық. Сондықтан да қазіргі жағдайға қарап бәрі керемет деп тоқмейілсуге болмайды. Жекелеген заңдарға өзгерістер енгізіп, сәләфизмге тиым салу арқылы қауіпті сейілте алмаймыз. Мәселен, қазір заң жобасында «қандай да бір адам бір қалаға баратын болса, міндетті түрде тіркеуге тұру керек» деген бап енгізілейін деп жатыр. Құқық қорғау органдары осындай майда-шүйде тыйым салуларға қатты назар аударып жатыр. Бір қарағанда, мұндай тыйым салу керек те шығар. Бірақ ,мұның бәрі айналып келгенде істің себебінен емес, салдарынан болып жатқан мәселе ғой. Мәселенің себептерімен күреспей, теріс ағымдардың жұмысына балта шабу мүмкін емес, – дейді Расул Жұмалы.

Ермекбаевтың айтуынша, министрлік салафизмге қарсы түсіндіру жұмыстары нәтиже бермеген жағдайда заңмен тыйым салу мәселесін көтереді. Бұл, әрине, көпшіліктің көңілін күпті етіп отырған мәселе. Мәселен, күні кеше Германия сәләфизм ағымына заң бойынша тыйым салып, жұмысын тоқтатты.

Ал біздің Үкімет әлі күнге дейін сәләфиттік ағымды қорғап, оған шаң жуытар емес.

Әйтсе де Расул Жұмалы сәләфзимге тиым салу арқылы барлық мәселені шешіп тастау мүмкін емес екенін ескертіп отыр.

– Тыйым салынса да олар бірден «сәләфит емес» болып кетпейді. Мәселен, мемлекет жемқорлыққа тыйым салып, оған жол бергендерді түрмеге жатқызды. Алайда, одан жемқорлық азаймады. Сондықтан да сәләфиттерге тиым салғанымызбен, олардың жоқ болып кететініне ешкім кепілдік бермейді. Себебі, сәләфиттер арнайы ұйым болып тіркеліп, атқарып жатқан жұмыстары туралы есеп беріп тұрады дегенге кім сенеді? Есі дұрыс сәләфиттер бұлай жасамайды. Өкінішке қарай, тыйым салу немесе салмау мәселесін салафиттер ескермейді. Сәләфиттерге қарсы «ұр да жық» мәлімдемелерден гөрі тыңғылықты жұмыстар жасалуы керек. Заң жағынан бөлек, зиялы қауым өкілдері мен имамдар иделогиялық, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыруы керек. Қазір нағыз иделогиялық соғыс жүріп жатыр. Міне, сол иделогиялық майданда жеңілмей төтеп беру үшін ұлттық иделогияны дамытуға күш салуымыз керек, – дейді Расул Жұмалы.

Саясаттанушының айтып отырған ойының жаны бар. Алайда,

сәләфизмге тыйым салып, оның көсемдерінің атын атап, түсін түстемесе, жағдай бұдан да қатты ушығып кетеді.

Сондықтан да билік ресми түрде сәләфиттерге қарсы ұстанымын жариялау керек. Бір қызығы, үкімет қоғамның талап-тілегіне назар аудармай, сәләфиттердің мүддесін қорғап жатыр. Егер билік бүгін сәләфиттерге қарсы нақты шара қолданбаса ертең тым кеш болады.

Ұзын сөздің қысқасы, Үкімет сәләфиттердің Ақордаға шабуыл жасауын күтпей, тез арада әрекет етуі қажет.

Серғазы АСЛАНБЕК

365info.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
8 жыл бұрын 3979
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167