Сарапшылар: Ресей ықпалы мен орыс тілінің аясы тарылады
Сарапшылар: Ресей ықпалы мен орыс тілінің аясы тарылады

Америкалық Stratfor барлау және сараптама орталығы орыс тілінің қолдану аясы тарылып, демографиялық, мәдени, саяси және технологиялық өзгерістер қарқынды жүріп жатқандықтан, Кремльдің көршілерге ықпал ету мүмкіндігі азая береді деп болжайды.

Stratfor барлау және сараптама орталығының сарапшылары СССР дәуірінен кейін дүниеге келген адамдар саны артып келе жатқандықтан, Еуразияның постсоветтік аймағында әлі талай саяси және мәдени өзгерістер болады дейді. Совет одағы ыдырап, оның құрамында болған елдер тәуелсіздік алғалы ширек ғасыр өтсе де, Балтық елдерінен басқалары әлі де орталыққа қатаң бағынған саяси жүйе мен жартылай капиталистік экономикалық модель бойынша өмір сүріп жатыр. Ал Ресей 1990 жылдардағы хаостан кейін ес жиып, бұрынғы одақтастарымен байланысты қайта нығайтты. Мәскеу әскерін орналастыру, саяси жолмен манипуляция жасау арқылы аймаққа ықпалын күшейтуге тырысып жатыр.

Әйткенмен Ресейдің көрші елдерге саяси, экономикалық және мәдени ықпалы азая береді, оған ең әуелі демографиялық өзгерістер себеп деп жазады Stratfor. Оның деректері бойынша, Орталық Азияда тұратын халықтың орташа жасы – 30 жас. Яғни, тұрғындардың жартысы ғана Совет одағын көргендер.

ОРЫС ТІЛІ ЕКІНШІ ОРЫНҒА ОЙЫСТЫ

"Бұрын Совет одағының құрамында болған елдердің барлығында орыс тілінің аясы тарылып барады" деп жазады Stratfor. Мектептерде орыс тілінің орнына француз, ағылшын, неміс, қытай тілдері оқытыла бастаған. Орыс тілін ана тілі ретінде қолданатындар да біртіндеп азайып жатқаны байқалады.

Украин тілінде білім беруді қолдау акциясында ата-аналарымен бірге тұрған балалар. Днепропетровск облысы, 20 мамыр 2017 жыл.
Украин тілінде білім беруді қолдау акциясында ата-аналарымен бірге тұрған балалар. Днепропетровск облысы, 20 мамыр 2017 жыл.

"БҰҰ мен ұлттық мәліметтерді қолданатын Euromonitor тобының деректері бойынша, 2016 жылы Украина халқының төрттен бірі ғана тұрақты түрде орыс тілінде сөйлеген. 1994 жылы орыс тілін ана тілім деп көрсеткендер Украина халқының 33,9 пайызын құраған. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 33,7 пайыздан 20,7 пайызға кеміген. Грузияда орыстілділер саны 6,4 пайыздан 1,1 пайызға азайған" деп жазады Stratfor.

Дегенмен, бұрынғы одақтас елдер тұрғындарының арасында орыс тілін екінші тіл ретінде меңгергендер баршылық, бірақ олардың саны да жыл өткен сайын азайып барады.

Америкалық сарапшылар кириллицадан латын қарпіне көшу әрекеттерін осы трендтің бір бөлігі деп санайды. Түркіменстан, Өзбекстан мен Әзербайжанның ізін ала Қазақстан да латын қарпіне көшуді жоспарлап отыр.

"Назарбаев билігі әліпби ауыстыруды 1990 жылдардың басынан-ақ ойластырған еді, елдегі орыс тілінің рөлі төмендеп, қазақ тілінің ауқымы кеңейгендіктен, енді бұл өзгерістің болмай қоймасы анық. Сөйтіп, уақыт өте келе Ресейдің айналасындағы лингвистикалық өзгерістердің нәтижесінде оның мәдени ықпалы да әлсірей бермек" деп жазылған Stratfor сараптамасында.

ЖАҢА ҰРПАҚТЫ ЕСКІ ӘДІСПЕН БАҒЫНДЫРУ

Оның үстіне, Ресейдің ескі әдіспен тәуелсіз елдердегі қоғамдық санаға дәстүрлі ақпарат құралдары арқылы ықпал ету мүмкіндігі де азайып келеді. Зерттеушілер оның екі себебін атайды. Біріншіден, советтік кезеңнен кейін дүниеге келген жаңа буынның билікке, саясатқа деген көзқарасы, ұстанымы аға ұрпақтікінен өзгеше. Совет одағы ыдыраған соң билікке келген басшылар СССР-дың бөтен ойлыларды қорқытып-үркіту әдісінен бас тартпады. Жаңадан құрылған тәуелсіз елдерде оппозиция басшыларын тұтқындау, қудалау әдістері жиі қолданылды. Соның арқасында көп ел біраз уақыт ішкі тұрақтылықты сақтап қала алды.

Бірақ, 21 ғасырдың алғашқы онжылдығының ортасына қарай Еуразия құрлығында демократиялық бұлқыныстар басталды. 2003 жылы Грузияда бейбіт түрде билік ауысты, бұдан соң Украина мен Қырғызстанда халық наразылығы арқасында төңкеріс болды. Stratfor сарапшыларының айтуынша, жаңа ұрпақ жаппай жемқорлыққа, Совет одағы кезіндегідей қатаң саясатқа төзбейтінін айқын аңғартты. Бұрын-соңды төңкерісті бастан кешпеген елдердің өзінде экономикалық дағдарыс пен жемқорлыққа қарсы халық наразылық білдіре бастады.

Минскінің орталығында наразылық кезіндегі полицияның арнайы жасағы. Беларусь, 25 наурыз 2017 жыл.
Минскінің орталығында наразылық кезіндегі полицияның арнайы жасағы. Беларусь, 25 наурыз 2017 жыл.

"Ақпан-наурыз айларында Беларустың түкпір-түкпіріндегі қалаларда мыңдаған адам көшеге шығып, елдегі экономикалық жағдайға және үкіметтің саясатына көңілдері толмайтынын ашық білдірді. Президент Александр Лукашенконың қауіпсіздікке қаншалық мән беретінін ескерсек, бірнеше жыл бұрын мұндай кең ауқымды әрі ұзақ демонстрацияның болатынын көзге елестету мүмкін емес еді" делінген Stratfor сараптамасында.

ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДЕМОКРАТИЯҒА ӘСЕРІ

Ресейдегі наразылық шараларына жасы жиырманың төңірегіндегі жастардың көп қатысқанына ерекше назар аударған сарапшылар "экономикалық дәуірлеу кезінде жақсы өмірге үйреніп қалған Ресей халқының дағдарыс басталғанда бұл биліктен көңілі қала бастағанын" атап көрсеткен. Кең аумақты қамтыған және жастар өте көп қатысқан бұл демонстрациялар жаңа буынның өскенін дәлелдейді.

Коррупцияға қарсы шеруге қатысушылар. Мәскеу, Ресей, 26 наурыз 2017 жыл.
Коррупцияға қарсы шеруге қатысушылар. Мәскеу, Ресей, 26 наурыз 2017 жыл.

Stratfor сарапшыларының тұжырымы бойынша, бұл демонстрацияларда жаңа технология ерекше рөл ойнаған. Ресей жастары өзара байланыс орнату және шаралар ұйымдастыру ісінде әлеуметтік желілерге көбірек сүйенеді.

"Әлеуметтік желінің маңызды геосаяси құрал болғаны сондай, Украина үкіметі осы айда ұлттық қауіпсіздік мақсатында Ресейдің "ВКонтакте" және "Одноклассники" әлеуметтік желілерін бұғаттау туралы шешім шығарды" деп жазады сарапшылар. Дегенмен, бұрынғы Совет одағы елдерінің басшылары әлеуметтік желілерге шектеу қойып, белсенділерді қудалау дәстүрін әлі жалғастырып жатса да, наразы топтарды ескі әдістермен тұсаулаудың қиындап бара жатқанын түсінеді.

РЕСЕЙДЕ ТҰРҒЫНДАР САНЫ КЕМІП БАРАДЫ

Санасы да, технологиясы да жаңарған халыққа үкіметтер ескі әдіспен қарсы тұрмақшы, ал бұдан тұрғындар мен үкімет арасындағы қарым-қатынас нашарлай береді дейді сарапшылар. Бұл әсіресе демографиялық ахуал қиындаған Ресейде анық білінеді. Халқының саны азаятындықтан, Ресей Еуразияға ықпал етуді көздейтін басқа державалармен экономикалық және әскери бәсекеде жеңіліп қалуы ықтимал.

"Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Ресей халқы 143 миллионнан 129 миллионға азайып, 10 пайызын жоғалтады. Керісінше, АҚШ халқының саны 20 пайызға артса, Түркия мен Иранның да тұрғын саны біршама өседі" дейді сарапшылар. Оның үстіне, Ресейдегі славяндардың үлесі азайып, елдің мәдени және саяси бірегейлігі одан сайын күрделене түспек.

Ресейдің бұл сын-қатерлерге төтеп беріп, өз ішінде тұрақтылық пен көршілерге ықпалын сақтап қалуы оның жаңа жағдайға тез икемделуіне байланысты болмақ. Бұл ел мәдени, әлеуметтік және технологиялық өзгерістерге бейімделуге тырысып жатқанымен, демографиялық және лингвистикалық бетбұрыстарды тоқтату мүмкін емес. "Сондықтан, Еуразиядағы постсоветтік халық саны артқан сайын Ресейдің аймақтағы доминантты держава мәртебесіне қауіп төніп келеді" деп қорытындылайды америкалық Stratfor жекеменшік барлау және сараптама мекемесі.

azattyq.org

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 2640
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167