Мұсылман қоғамында полиция қызметі қалай қалыптасты?
Мұсылман қоғамында полиция қызметі қалай қалыптасты?

Сұрақ: Мұсылман қоғамында полиция қызметі қалай қалыптасты?

Жауап: Мұсылман қоғамында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуші сақшылық қызметті «шурта» деп атайды. Араб тілінде «шурта» сөзі «белгілеу», «міндеттеу», «жару», «шарт қою» мағыналарын білдіреді. Базбір батыс зерттеушілері «шуртаны» латын тіліндегі «cohort» немесе «securitas» сөздерінен шыққан деп біледі. Алайда, ғұламалардың көпшілігі «шуртаны» араб тіліндегі «шарт» сөзінен келіп шыққан деп тұжырымдайды.

«Шурта» сөзінің фиқһтық мағынасына келер болсақ, мемлекет тарапынан белгіленген арнайы униформа киімін киген сақшы қызмкеткерлер (шурта) белгіленген ереже бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап, қылмыстың алдын алу, іздестіру, із кесу, тұтқындауды, қазылар кескен жазаларды және өзге де жедел әрекет ету шараларын жүзеге асырады (Абдулхай Қаттани, І, 55).

Ислам тарихының алғашқы Мекке дәуірінде мұсылмандар әлеуметтік діни топ ретінде өмір сүргендіктен, олардағы сақшылық қызмет жүйелі емес еді. Десе де, Мекке кезеңінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен мұсылмандарды әзіреті Хамза (р.а), әзіреті Омар (р.а), әзіреті Әли (р.а) және т.б. адамдар қорғады. Жалпы, олардың аталмыш кезеңдегі мұсылмандарды қорғау іс-әрекеттерін сақшылық қызметке жатқызуға болады. Бірақ, Мекке дәуіріндегі мұсылман қауымының сақшылық қызметі тұрақты әрі жүйелі емес еді.

Ислам мемлекеті құрылған соң Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Мәдинада Сад бин Уақас (р.а) пен Сад бин Убада (р.а) қорғады. Олар Алла Елшісінің (с.ғ.с.) оққағары әрі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты болды. Әзіреті Әбубәкір (р.а.) халифа болып тұрғанда, шурта қызметін Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а) атқарды. Ал, әзіреті Омардың (р.а) халифалығы тұсында, оның азат еткен бұрынғы құлы Әслам мен Абдрахман ибн Ауф (р.а) және Мұхаммед ибн Мәслама (р.а) қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты қызметкер болып тағайындалды. Халифа әзіреті Осман (р.а) дәуірінде Мәдинада Абдуллаһ ибн Кунфуз әт-Тәймия шурта қызметін атқарды (Халифа б. Хаят. 179 б).

Халифа Осман (р.а) дәуірінде Мәдинадан бөлек өзге шаһарларда да шурта қызметі белсенді жұмыс істей бастады. Әсілі, алғашқыда шурта қызметкерлері қазыларға бағынышты еді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті атқара отырып, олар қазылар қараған істердегі куәлерді шақыртуды, іс кесуді, қылмыскерлерді іздестіруді, жазаны жүзеге асыратын.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Пайғамбар (с.ғ.с.) дәуірінде қандай ем-дом түрлері қолданылды?

Әзіреті Әли (р.а) дәуірінде қылмыскерлерге арналған жаңа абақтылар салынып, шурта қызметкерлеріне арнайы ғимарат берілді. Оларға бәйтулмалдан (мемлекет қазынасы) тұрақты жалақы тағайындалды. Сақшылық қызмет «Шурта-тул-хамис» деп атала бастады (Ибнул-Кәлби, 438 б).

Әмәуи халифаты тұсында шурта қызметінің аясы кеңіп, дами түсті. Муауия бин Әбу Суфиян халифаны қорғайтын арнайы күзет бөлімін құрды. Одан бөлек аймақтағы уәлиліктің (әкімшіліктер) қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шурталарды бекітті. Шурта органының аясы кеңейгені соншалық, әрбір уәлилік өзіне қарасты аймақта шурталарды өздері қызметке тағайындады.

Әмәуилер дәуірінде орын алған үздіксіз соғыстар мен ішкі толқулар кезінде шурталар мемлекеттің саяси тұрақтылығы үшін маңызды орган ретінде қызмет етті. Халифа Хишам бин Әбдумәліктің (723-743 жылдары) тұсында шурта қызметі сот жүйесінен (қазы) түпкілікті бөлініп шығып, «сахибул-аһдас» органы болып атын өзгертті. Ал, «сахибул-аһдас» органы жандармерия (ішкі әскер) қызметін де қоса атқарды.

Аббаси дәуірінде халифалар өздерінің статусын күшейту үшін шурта қызметінің маңызын арттыра түсті. Аббаси халифатының екінші билеушісі Әбу Жағфар әл-Мәнсұрдың тұсында шурта қызметкерлерінің мәртебесі әмірлер және уәлилермен теңестірілді. Тіпті, олар хисбә (сауда-саттық пен экономика саласы) қызметінің де бір бөлігін иемденіп, мұхтасиптермен бәсекелес болды (Табари, VIII, 67). Аббаси билеушілері тұсында шурталар көп салалы әмбебап қызметтерді атқарды.

Осылайша, мұсылман қоғамындағы полиция қызметі қалыптасып, тарихтың әр дәуіріндегі қоғамдық сұранысқа қарай оның қызмет ету аясы кеңіп, шуртарлардың мәртебесі өсе түскен еді.

Мұхан ИСАХАН

kazislam.kz

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
4 года назад 2230
0 комментариев
О блоге
0
660889 248 437 2368 167