Қаржы пирамидаларының белгісі және оларға алданып қалмаудың жолы
Қаржы пирамидаларының белгісі және оларға алданып қалмаудың жолы

Соңғы уақытта жеке инвестициялар нарығында қаржылық пирамида белгілері бар ұйымдардың қызметі жандандырылды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

Қаржылық (инвестициялық) пирамида – ақшаны немесе өзге мүлікті не оған жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқығын тартудан кірісті (мүліктік пайданы) қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке тартылған қаражатты пайдаланбай тарту жөніндегі заңсыз қызметті осы активтерді қайта бөлу және басқа адамдардың жарналары есебінен бір қатысушылардың баюы жолымен жүзеге асыратын ұйым.

Ақшаны салу жолымен қаржылық пирамидаға кіру ерікті негізде орын алады және әдеттегідей, онда құқықтық қызмет көрсету және салынған қаражатты қайтарудың кепілдігі болмайды.

Қаржылық пирамидаға ақша салудың тартымды талаптарының бірі қысқа уақыт аралығынан кейін жоғары кіріс алу мүмкіндігі болып табылады. Қаржылық пирамида қағидаты бойынша алаяқтық жасау үшін пайдаланылатын қаржы құралы ретінде «бағалы қағаздар», сондай-ақ қарыз (ақша тарту), траст, сақтандыру шарттары пайдаланылады.

Сирек жағдайда пирамида-ұйымның құрылтайшылары шын мәнінде алынған ақшаны негізгі қаражатқа, бағалы қағаздарға және т.б. инвестициялайды, алайда бұл жағдайда да енгізілген ақшаның негізгі үлесі маңызды инвестицияларға пайдаланыла алмайды, себебі ол уәде етілген жоғары кірістерді төлеу үшін қажет.

Қазақстан Республикасының аумағында халықтан ақша тартумен тек екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ Ұлттық почта операторы уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензия негізінде айналыса алатынын атап өткен жөн. Осылайша, жеке тұлғалардан депозиттер қабылдау жөніндегі операциялар банк операцияларына жатады және міндетті лицензиялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес өзге адамдарға азаматтардан кәсіпкерлік қызмет ретінде қарыз түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар жасалған сәтінен бастап жарамсыз деп танылады. Тиісінше уәкілетті мемлекеттік органның жеке тұлғалардан депозиттер тартуға лицензиясы жоқ, бірақ халыққа бос ақшасын осы ұйымға орналастыруды ұсынатын ұйымдардың қызметінде алаяқтық белгілері бар және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзу болып табылады.

Реттелмейтін ұйымдарға ақша салу ол ақшадан толық айырылу тәуекелінің жоғары деңгейімен қатар жүретінін атап өту қажет, себебі оның қатысушылары арасындағы өзара қарым-қатынастар бір-біріне сенім білдіруге құрылған және ақшаны беру және жинау әрекеттерін қатысушылар өздері жүзеге асырады.

Қаржылық пирамидалардың қаржылық құрылымы, қызмет түрлері мен жаңа қатысушыларды тарту тәсілдері әр түрлі, соған қарамастан алдыңызда қаржылық пирамида екені туралы қорытынды шығаруға мүмкіндік беретін мынадай негізгі белгілерді бөліп көрсетуге болады.

Оқыңыз:   Назарбаев Шигео Катсумен ағылшынша сөйлесті (видео)

1. Уәкілетті мемлекеттік органның (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің) депозиттер қабылдауға лицензиясының болмауы.

2. Ұйымның белгілі бір қызмет түрінің, жарғысының, мемлекеттік тіркеуінің болмауы.

3. Ұйымның қаржылық жай-күйі туралы қандай да бір ақпараттың болмауы.

4. Салымның сақталуына кепілдіктің болмауы.

5. Салынған қаражаттың қарыз алу нарығы бойынша орта деңгейден асатын негізсіз жоғары кірістілікті уәде етуі.

6. Әрбір тартылған жаңа қатысушыға бонустар төлеуге уәде беру және төлеу.

7. Міндетті кіру жарнасы.

8. Бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернет желісінде жаппай жарналамалау.

9. Компанияның түрлі бағдарламаларының қатысушыларына қымбат сыйлықтарды тапсыра отырып компанияның жарнамалық шоу-презентацияларын ұйымдастыру.

10. Кіріс көздері, қаражат айналымы, бизнес-процестер және т.б. құрылымының ашық болмауы.

Егер сіз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келіп отырған ұйымда аталған белгілердің бірнешеуі болса, қаржылық пирамидаға ілігіп қалмаймын ба деп ойланғаныңыз жөн.

Қалай алданбайтын салымшы болуға болады

Біріншіден: уәкілетті органның депозиттерді қабылдауды жүзеге асыруға лицензиясын талап ету, компанияның беделін және ол берген ақпараттың дәйектілігін зерделеу қажет. Уәкілетті органның депозиттерді қабылдауды жүзеге асыруға лицензиясының болмауынан сақтану қажет. Азаматтардан ақша қабылдайтын, уәкілетті органның тиісті лицензиясы жоқ ұйымның қызметі ЗАҢСЫЗ. Табысты жобалар туралы аса жария және айқын жарнама, бұл ретте салымшылардың ақшасын инвестициялау схемасына қатысты ашық түсіндірмелердің болмауы, сондай-ақ конфиденциалдылық – сізді қаржылық пирамидаға тартудың ашық белгісі. Қаржылық пирамиданың «құрбаны» болмау үшін қарапайым қырағылықты сақтау және өз ақшаңды сенімсіз компанияларға сеніп тапсырмау қажет.

Екіншіден: инвестициялардың кепілдік берілген кірістілігі туралы уәделерге сенуге болмайды. Алаяқтар адамдардың қарапайым сараңдығын, жылдам ақша табу және баю ниетін жақсы пайдаланады. Сондықтан олар жылдық 20, 50, 100 пайыз кірістілік алатынына оңай уәде береді және соңғы кезде осындай кірістілік болған кезде кез келген салымның инвестицияланатын барлық қаражатты жоғалтудың жоғары тәуекелімен қатар жүретінін ескертеді. Егер сізге ұсынатын кірістілік банктік салымдар бойынша қазіргі кезде қолданылып жүрген пайыздағы кірістіліктен (жылдық 9-10 пайыз) асатын болса, онда осындай ұйым күмәнді болады. Тұрақты кірістілігі бар заңды құралдардың аз екенін біліңіз (банктік салымдар және облигациялар).

Үшіншіден: жаңа салымшылардың тартқаны үшін жомарт сыйақы – сіздің алдыңызда қаржылық пирамида екендігінің белгісі.

Төртіншіден: қарыз шарты бойынша қаражат тартатын компанияға сенуге болмайды. Жоғарыда көрсетілгендей, қаржылық пирамидалардың халықтан ақша тартуға лицензиялары болмайды. Халықтан ақша тарту үшін кеңінен таралған шарттар қарыз шарты болып табылады. Бұл ретте қарыз шарты шарт жасаған компанияның «сүттен ақ, судан таза» шығуы үшін жан-жақты белгісіздіктермен және жаңылыстырулармен жасалады. Іс-жүзінде қарамай-ақ осындай шарттарға қол қойған азаматтардың заңды және қаржылық сауатсыздығын пайдалана отырып, алаяқ компаниялар заңды қызмет көрсететін болып көрінеді.

Бесіншіден: корпоративтік іс-шараларға, түрлі жүлделер, сыйлықтар, жолдамалар ұтыстарына қатысуға шақырудан бас тарту қажет. Қаржылық пирамидаларды ұйымдастырушылар өз салымшыларын түрлі корпоративтік іс-шараларға тартады. Ол табысты және пайдасы көп компания бейнесін көрсету үшін, сол сияқты «корпоративтік рухты» нығайту үшін жасалады.

Алтыншыдан: компания ақшаны салымшылардан қалай қабылдайтындығына назар аудару қажет. Көптеген күмәнді компаниялар қолма-қол ақша қабылдайды не банктерде компанияның арнайы есеп айырысу шоттарын және өз қызметінің шынайы бухгалтерлік есептілігін қолданбай, Интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады. Алайда өзін-өзі сыйлайтын компания жеке тұлғалардан осылайша ақша қабылдамайды. Адал компаниялар қолма-қол ақшаны өздерінің офистерінде қабылдамауға тырысады. Компания қызметкерлерінен ақшаны олардың неге Интернет-төлемдер немесе аударымдар жүйесі арқылы қабылдайтындығын, неге ұйымның есеп айырысу шотына қолма-қол емес ақша аударудың стандартты әдісін пайдаланбайтындығын міндетті түрде сұраңыз.

Жетіншіден: компанияның иелері және басшылығы туралы ақпаратты зерделеу қажет, сондай-ақ оның қай жерде тіркелгендігін білу қажет. Егер басшылық туралы деректер құпия болса, ал компания қандай да болмасын аралда және/немесе оффшорлық аймақта тіркелсе, оған өз қаражатыңызды орналастырмай тұра ойланыңыз. Компанияларды оффшорлық аймақтарда тіркеу рәсімі жеңілдетілген, оның нақты иесін немесе осы құрылымның артында кім тұрғандығын білу өте қиын. Сондықтан міндетті түрде компанияның құрылтай құжаттарын көрсетуді сұраңыз.

Жоғарыдағыны қорытындылай келе, уақытша бос ақшаны тиісті қызметке уәкілетті мемлекеттік органның лицензиясы бар қаржы ұйымдарына орналастыру орынды болатындығын атап өтеміз. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жүктелген міндеттерге сәйкес Мемлекеттік кірістер комитеті экономикалық және қаржылық қылмыстардың және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, ашу және тексеру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шағым-талаптар және/немесе қаржылық пирамиданың белгілері бар ұйымдардың қызметімен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне өтініш білдіруді ұсынады.

Бөгенбай ЗИЯЛЫБөгенбай ЗИЯЛЫ
7 жыл бұрын 3076
0 пікір
Блог туралы
0
660889 248 437 2368 167